Астанада тұрғындар спортпен айналысып, демалатын жаңа орын пайда болды

АСТАНА. KAZINFORM — Астананың Сарайшық ауданында жаңа қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді. Мұнда футбол алаңы, воркаут аймағы және демалыс орындары жабдықталған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Абаттандыру жұмысы аясында аумаққа 900 шаршы метр төсемтас төселіп, үш көлеңкелі бастырма, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Сонымен қатар 19 жарық шамы қойылды. Оның 15-і саябақ шамы болса, төртеуі — көше шамы. Футбол алаңы мен воркаут аймағы да жабдықталды. Аумақты көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Барлығы 200 ағаш отырғызу жоспарланған, қазір оның 60-ы егілді.

Фото: Астана әкімдігі

Жаңа кеңістіктің ашылуына орай 13-15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында футбол турнирі ұйымдастырылды. Тұрғындар үшін аниматорлардың қатысуымен концерттік және ойын-сауық бағдарламасы да өтті.

Фото: Астана әкімдігі

Іс-шара жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған профилактикалық жұмыс аясында ұйымдастырылды. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының еріктілері мен Сарайшық ауданының ТЖД қызметкерлері қатысушыларға түсіндіру жұмысын жүргізді.

Фото: Астана әкімдігі

Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Ата-аналарға өрт қауіпсіздігі ережелері, балаларды қараусыз қалдырмау және терезе маңына жиһаз қоймау қажеттігі ескертілді.

Фото: Астана әкімдігі

Сарайшық ауданы әкімдігінің өкілдерінің айтуынша, биыл аудан аумағында үш қоғамдық кеңістік ашылған.

Іс-шараға «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» идеологемаларының символдық кейіпкерлеріне айналған Теміртөс атты робот-ит пен Тәртіпбек те қатысты.

Фото: Астана әкімдігі

Жаңа қоғамдық кеңістік аудан тұрғындарының спортпен шұғылданып, тынығып, отбасымен және достарымен бірге уақыт өткізуіне арналған тағы бір қолайлы орынға айналды.

Фото: Астана әкімдігі

Айта кетейік, биыл Астана қаласының әкімдігі 173 ауланы және қоғамдық кеңістікті (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандыруды жоспарлап отыр.

Осыған дейін елордада ұлттық қолөнер мектебі ашылғанын жаздық.