Астанада Уәлиханов көшесінде көлік қозғалысы шектеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 21 қыркүйекте сағат 23.00 жергілікті уақыт бойынша 30 қыркүйекке дейін Ш. Уәлиханов және Ж. Омаров көшелерінің қиылысында көлік қозғалысы жабылады. Бұл туралы ІІД ӘПБ жол және техникалық инспекция бөлімі бастығының орынбасары Нұрлан Уваев баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті.

Астана қаласы Энергетика басқармасының жылумен қамту бөлімінің бас маманы Бекмұрат Адуовтың айтуынша, елордада инженерлік жүйелерді жаңғырту мен жылыту маусымына дайындық жұмыстарына байланысты аталған жол бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі.

Сондай-ақ баспасөз мәслихаты барысында Жолаушыларды тасымалдау және автомобиль жолдары басқармасы жолаушыларды тасымалдауды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Тұрсынғали Жакенов кейбір қоғамдық көліктердің бағытының өзгеретіні жайлы айтты.

- 22-30 қыркүйек аралығында №4, 16, 24, 30, 39, 70, 73 маршруттардың бағыты өзгереді. Жол қозғалысы Сембинов көшесі арқылы жүзеге асады. Одан әрі бұрынғы бағыт бойынша жүреді.

№ 1, 2, 13, 26, 33, 38, 42, 48, 49, 52, 76,103, 127 маршруттар Республика даңғылымен, одан әрі бұрынғы бағыт бойынша жүреді, - деді Т. Жакенов.

Баспасөз мәслихатының соңында Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының өкілдері жүргізушілерден жолдың жабылуына орай жүру бағытын алдын ала жоспарлап, жабық аудандарды айналып өтуді өтінді.