Президенттің айтуынша, мемлекет үшін бір күннің қамы емес, болашақтың жайы маңызды.
– Сондықтан Абайдың ұлағатына сай «ақырын жүріп, анық басамыз». Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, алысқа көз тігеміз. Төл тарихымызға құрметпен қарап, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға баса назар аударамыз. Бұл бағытта белсенді жұмыс істелуде. Жошы хан жерленген Ұлытау аймағына облыс мәртебесі берілді. Елімізде Жошы ұлысын зерттеу институты құрылды. Біз бұл мекеменің ғылыми әлеуетін күшейте береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Көп ұзамай Қазақстан тарихының жеті томдық академиялық еңбегі жарыққа шығады. Оның бір томы түгелдей Алтын Орда тақырыбына арналды.
– Біз жаңа Конституцияда қазақ елінің төл шежіресі Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихымен сабақтас екенін айқын көрсеттік. Елордамызда Ұлы дала өркениетіне арналған зәулім ғимарат салынады. Жақында Астанада ЮНЕСКО-ның аясында Алтын Орда мұрасын зерттеу ісіне арналған халықаралық симпозиум өткізілді. Мұның бәрі мемлекеттігіміздің тұғырын нығайта түсуге зор ықпал етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Алтын Орда өзінің басқару институттары, дипломатиялық қызметі, байланыс және кеден жүйесі, әлемде мойындалған валютасы, озық инновациялары бар орта ғасырдағы алып ел болды.
Қазір Қазақстанда берік орныққан президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған саяси жүйеден бастау алады.
– Алтын Орданың ең басты мұрасы – оның мызғымас құндылықтары. Себебі алып мемлекетте діні, тілі, мәдениеті, дәстүрі бөлек адамдар ортақ ережелер аясында тату-тәтті өмір сүрді. Бабаларымыздың осындай тағылымды жолы біз үшін өшпес өнеге және басты стратегиялық бағдар болып қала береді. Алтын Орданың жетістігі Еуразиядағы көптеген халықтың ортақ игілігі саналады. Сондықтан Ұлық Ұлыстың мұрагері ретінде біз Еуразияның біртұтастығын, өсіп-өркендегенін, ондағы мемлекеттердің барлығы тату-тәтті ғұмыр кешіп, ортақ қауіпсіздікті сақтап, халықтарының игілігі үшін қызмет еткенін құптаймыз.
Біздің мақсатымыз – өзгелердің таптаурын болған тәжірибелері мен идеяларын үлгі-өнеге етпеу, өнбейтін дау-дамайдан бойды аулақ салу. Сонымен бірге өткен ұлы дәуірдің құндылықтарын ой елегінен өткізіп, сапалы түрде жаңғыртып, заманауи өркениетке қарай бейімдеу, – деп түйіндеді Президент.
Айта кетейік, 4 маусымда елімізде Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Осыдан 34 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның өз Елтаңбасы, Туы және Әнұраны бекітілді.
Президент бұл күн – қазақ елінің әрбір азаматы үшін маңызы ерекше мереке екенін айтты.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын нақты нәтижелермен қарсы алу керектігін тапсырды.