Астанада Ұлттық банкті полиция «қоршауға» алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін түскі сағат 15.00-ден кейін Астана қалалық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері Ұлттық банк ғимаратын "қоршауға" алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі оқиға орнынан.


Полиция қызметкерлері Ұлттық банк ғимараты орналасқан Бейбітшілік көшесін Абай көшесінен бастап жауып тастады. Ал, арнайы киім киген жиырмадан бастап қызметкер банк айналасында оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді.

"Бұл полиция қызметкерлерінің кешенді күш құрылымының жоспарлы оқу-жаттығуы. Оқу-жаттығу жұмыстары күзетілетін нысандарды тиісті деңгейде қорғау мақсатында ұйымдастырылады",-деді ҚазАқпарат тілшісіне Астана қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Софья Əнуарбекқызы.

Оның айтуынша, бұл оқу-жаттығу жұмыстары ведомстволық бұйрыққа сай өткен.