Іс-шара барысында «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов банк «Ұмай» әйелдер ипотекалық бағдарламасын Азия даму банкімен бірлесіп жүзеге асырып отырғанын айтты.
— Азия даму банкі бұл бағдарламаға жеткілікті қаражат бөліп отыр. Биыл бағдарламаға 90 миллиард теңге бағыттадық. Қазақстанның барлық қалаларында 50 миллион теңгеге дейін қарыз алуға болады, бұл айтарлықтай көлемді қаражат. Менің ойымша, үш бөлмелі пәтер сатып алуға болады. Қарыз мерзімін 25 жылға дейін таңдай аласыз, — деді спикер.
Оның айтуынша, бастапқы жарна мөлшері клиенттерді ең көп толғандыратын мәселелердің бірі, себебі дәстүрлі бағдарламалар бойынша талап етілетін 50%-ды жинай алатындар аз.
— Сондықтан осы бағдарлама аясында Астана мен Алматы қалалары үшін бастапқы жарнаны 20%-ға, ал қалған барлық өңірлер үшін 15%-ға дейін төмендеттік. Бұл бағдарламаның ерекшелігі депозитті бүгіннен бастап ашуға болады, ал 20 немесе 15%-ды тікелей пәтер сатушыға құрылыс компаниясына немесе жеке меншік иесіне төлейсіз, — деп түсіндірді ол.
Пайыздық мөлшерлемеге қатысты банк өкілі бұл бағдарламада да, басқа бағдарламалар секілді, екі кезең қарастырылғанын атап өтті.
— Несие алу сәтінде алдын ала қарыз бойынша мөлшерлеме шамамен 14,8% болады. Бүгінгі күні бұл нарықтағы ең төмен мөлшерлемелердің бірі. Екінші деңгейлі банктер қазір 20%-дан және одан да жоғары мөлшерлемемен несие ұсынып отыр. Тұрғын үй жинақ жүйесінің тағы бір ерекшелігі сіз алдын ала қарыз мерзімінде, яғни сегіз-тоғыз жыл ішінде, депозитте нақ сол 50%-ды жинайсыз. Мысалы, 50 миллион теңге қарыз алсаңыз және 25 миллион теңге жинасаңыз, бұл сома несиеңізді өтеуге бағытталады да, мөлшерлеме күрт төмендеп, 3,5-5%-ға (ГЭСВ от 3,6% до 6,9%) дейін түседі. Бұл тұрғын үй қарызы бойынша жеңілдетілген мөлшерлеме деуге болады, — деді Н. Ақшанов.
Бағдарламаға 18 бен 65 жас аралығындағы барлық әйелдер қатыса алады, кезекте тұру немесе белгілі бір жерде жұмыс істеу талап етілмейді. Жалғыз шарт отбасының таза табысы 1 250 000 теңгеден аспауы керек.
Сонымен қатар қазақстандық қаржыгер, білікті аудитор Сұлтан Елемесов «Отбасы банк» өнімдерінің қалай жұмыс істейтінін, бағалау көрсеткіші дегеннің не екенін және мемлекеттік сыйлықақымен қалай жұмыс істеу керектігін түсіндірді.
— Тұрғын үй жинақ жүйесі бойынша жұмыс істейтін өнім небәрі біреу ғана ол тұрғын үй қарызы деп аталады. Басқа алатын өнімдердің барлығы алдын ала немесе аралық өнімдер, олар түптеп келгенде сізді осы мақсатқа, яғни тұрғын үй қарызын алуға әкелуі тиіс. Онда мөлшерлеме 3,5%-дан (ЖТСМ 3,6% -дан 4,4%-ға дейін) 5%-ға дейін ЖТСМ 5,1% -дан 6,9%-ға дейін), барынша ашық болады, — деді ол.
Оның сөзінше, стандартты шарт үй құнының 50%-ын жинау, бағалау көрсеткіші 16 және 3 жылдық жинақ мерзімі. Осы шарттарды орындағандар жылдық 5%-бен 6 жылға қарыз алады, ал бағалау көрсеткіші 74-ке дейін жетсе, жылдық 3,5%-бен 25 жылға дейінгі несиеге құқылы болады.
«Ұмай» форумында ипотека және қаржылық сауаттылық мәселелерінен бөлек, бүгінгі таңда әйелдер үшін ерекше маңызды тақырыптар талқыланды: жеке бизнесті қалай ашуға және дамытуға болады, әйелдер жасанды интеллектіні дамытуда қандай рөл атқара алады, сондай-ақ тұлғалық және кәсіби өсу үшін мүмкіндіктерді қалай табуға болады.
Әртүрлі кәсіби жолдан өтіп, өз салаларында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген әйелдер өз тәжірибелерімен бөлісті.
Мәселен, «АгромашХолдинг KZ» президенті Динара Шүкіжанова өзінің мансаптық жолы туралы айтып берді. Бүгінде ол ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын ірі кәсіпорынды басқарады және оның қос акционерлерінің бірі болып саналады. Дегенмен, осыдан 12 жыл бұрын ол зауытқа қарапайым маман болып келген еді.
— Әрбір нәтиженің, әрбір табысты тарихтың артында орасан зор еңбек тұр. Мен мансап баспалдағының барлық кезеңінен өттім. Бұл ерлердің саласы болды, сондықтан оңайға түскен жоқ, әсіресе ауыл шаруашылығынан алыс болғанымды ескерсек. Бүгінде мен зауыт жетекшісімін. Бұл кәсіпорынға қарапайым маман болып келіп, біртіндеп үлкен белестерді бағындыруға болатынын көрсетеді. Достарым қыдырып жүргенде, мен ағылшын тілін үйреніп, техникалық құжаттарды оқыдым. Нәтиженің артында әрдайым тынымсыз еңбек тұрады. Ең бастысы — алға мақсат қойып, соған ұмтылу. Кәсібилік ешкімді бөліп-жармайды, — деді Динара Шүкіжанова.
Дания Еспаева да өзінің жеке тарихымен бөлісті. Ол осы күнге дейін жылылықпен және жымиыспен еске алатын алғашқы жұмысы туралы айтып берді. Оның еңбек кітапшасындағы алғашқы жазба сылақшы-сырлаушы мамандығы болған еді. Бүгінде Дания Еспаева — Қазақстан Республикасы Құрылтайының вице-спикері.
— Жұмысты кішкентайдан бастауға болады. Ең бастысы — адал, еңбекқор болу және өзіңе сеніп тапсырылған жұмысты кәсіби түрде орындау, — деп атап өтті ол.