Астанада ұсталған әзірбайжандық азаматтан Әзірбайжан Республикасының 15 төлқұжаты табылды

АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат - Астана қаласы Халықаралық әуежайында Көліктегі ІІД Желілік полиция қызметкерлері әзірбайжан азаматын ұстады. Тексеру кезінде одан Әзірбайжан Республикасының 15 азаматының төлқұжаты табылды, деп хабарлайды көліктегі ІІД баспасөз қызметінен.

Астана қаласы әуежайындағы ЖПб көші-қон полициясының қызметкерлері жүргізген тексеру барысында аталған республиканың заңсыз келген өзге де 16 азаматын анықтады.

Бұл азаматтар ҚР ӘҚБтК 394 бабы 3-б. және 4-б. сәйкес Қазақстан Республикасына шет ел азаматтарының келу тәртібін бұзған, яғни Қазақстанға келіп, алайда белгіленген мерзім ішінде ел аумағынан шығудан бас тартқан.

Астана қаласы Есіл аудандық №2 сотының қаулысымен олардың 14-і ҚР ӘҚБтК 394-бабының 3-тармағы бойынша ҚР келу ережесін бұзғандығы үшін кінәлі деп танылып, екі тәулікке қамауға алу туралы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал тағы да 2 азамат сот шешіміне сәйкес, ел аумағынан шығарылды.