Осылайша Қазақстан аталған жаһандық доданы қабылдайтын Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет атанады.
10 мамыр күні Лондонда өткен командалық әлем чемпионаты барысында Қазақстанға Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) туы ресми түрде табысталды. Бұл — еліміздің әлем чемпионатын өткізуге дайындықты бастағанын білдіретін маңызды рәсім.
Қазақстан 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығына 2025 жылы ITTF Бас ассамблеясының шешімімен ие болды. Дауыс берудің қорытынды кезеңінде Қазақстан 111 дауыс жинап, Францияны басып озды.
Әлем біріншілігіне спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер, делегаттар және халықаралық спорт қауымдастығының өкілдерін қоса алғанда, шамамен 1250 қатысушы келеді деп күтілуде.
Бұл — Қазақстандағы үстел теннисін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Қазіргі таңда елімізде 260 мыңнан астам адам үстел теннисімен тұрақты түрде айналысады. Оның ішінде 10 мыңнан астамы — кәсіби спортшылар. Республика бойынша 12 мамандандырылған үстел теннисі орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар Қостанай, Орал, Семей және Алматы қалаларында жаңа орталықтардың құрылысы мен жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Соңғы жылдары елімізде 30-ға жуық үстел теннисі бөлімшесі мен 35 мамандандырылған зал ашылды. Өңірлерге 650-ден астам кәсіби теннис үстелі сатып алынды. Сонымен бірге «Балабақшадан басталатын үстел теннисі» жобасы аясында мектепке дейінгі ұйымдарда арнайы секциялар жұмыс істей бастады.
Қазақстандық спортшылар халықаралық аренада да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2025 жылы ұлттық құрама спортшылары халықаралық рейтингтік турнирлерде 47 медаль жеңіп алды. Ерлер құрамасы Ислам ынтымақтастығы ойындарында чемпион атанса, қазақстандық теннисшілер әлем және Азия чемпионаттарында сәтті өнер көрсетті.
Айта кету керек, Қазақстан бұған дейін де ірі халықаралық жарыстарды ұйымдастыру тәжірибесіне ие. 2024 жылы Астанада үстел теннисінен XXVII Азия чемпионаты өтіп, жарысқа 25 елден 195 спортшы қатысты. Бұл чемпионат Орталық Азия аумағында алғаш рет ұйымдастырылған құрлықтық дода ретінде тарихқа енді.
2027 жылғы әлем чемпионаты — Қазақстан спорты үшін маңызды оқиға. Аталған турнир еліміздің халықаралық спорт кеңістігіндегі беделін арттырып, үстел теннисінің одан әрі дамуына жаңа серпін береді.
Айта кетелік Алан Құрманғалиев пен Зәуреш Ақашева WTT Feeder Istanbul турнирінде қола жүлде алған еді.