Астанада «жаңа вирус» тарады ма: Денсаулық сақтау басқармасы жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM — Астана тұрғындары әлеуметтік желілерде «жаңа вирус» тарағанын айтып, бір-біріне ұқсас белгілер байқалып жатқанын жазып жатыр. Осыған байланысты Kazinform тілшісі Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәселенің мән-жайын анықтады.

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Әлеуметтік желі қолданушылары тамақтың ауыруы, мұрынның бітуі және ЖРВИ-ге тән өзге де белгілер туралы жазып жатыр. Кейбір тұрғындар аурудың дене қызуынсыз өтіп жатқанын да атап өткен.

Kazinform редакциясының сауалына жауап берген ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта тыныс жолдары ауруларының әдеттен тыс немесе ауыр өту белгілері байқалмайды.

— Көп жағдайда ауру ЖРВИ-дің әдеттегі клиникалық көрінісі шеңберінде өтеді. Сонымен қатар кейбір науқастар инфекцияны ауырлау сезінуі мүмкін. Бұл әсіресе созылмалы аурулары, иммунитеті төмен және басқа да қауіп факторлары бар адамдарға қатысты, — деп хабарлады басқарма.

ЖРВИ-мен ауыратындар саны артты ма?

Басқарманың баспасөз қызметінің мәліметінше, Астанада ЖРВИ белгілерімен медициналық көмекке жүгінгендер саны өскен.

Ведомствоның дерегіне сәйкес, 2026 жылғы 4-10 қыркүйек аралығында елордада 3354-ке жуық ЖРВИ жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31%-ға аз. Былтыр осы аралықта 4638 жағдай тіркелген.

Айта кетейік, жақында күзде қандай вирустар тарайды және олардан қалай сақтануға болатының жазған едік.