Астанада жеке сот орындаушылар жеке табыс салығын төлемей келген
17:33, 04 Желтоқсан 2025
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада жеке сот орындаушылардың салықтан жалтару фактілері анықталды. Тексерістен кейін мемлекет пайдасына 40 млн теңгеге жуық қаражат өндірілді, деп хабарлайды Астана қаласының прокуратурасының баспасөз қызметі.
Нұра ауданының прокуратурасы жеке сот орындаушылардың салық төлеу мәселесі бойынша талдау жүргізді.
— 30 жеке сот орындаушы жеке табыс салығын кем көрсеткендігі, ал 26 мүлдем төлемегендігі анықталды. Қадағалау актісімен мемлекет пайдасына 40 млн теңгеге жуық ақша өндірілді, — делінген хабарламада.
Ведомство атап өткендей, бұл бағытта жұмыс жалғасатын болады.
Бұдан бұрын Әділет министрлігі алимент өндіру көрсеткішін жақсарту үшін сот орындаушыларына қойылатын талаптарды қатаңдатпақшы екенін жазғанбыз.