«Үшінші жылу орталығы өткен жылы іске қосылуы керек еді. Дегенмен пандемия және Ресей мен Украина шекарасындағы жағдайға байланысты жабдықтар қымбаттап кетті. Аталған мәселе Премьер-Министрдің қатысуымен Үкіметте қаралып, бірқатар тапсырма жүктелді», – деді Жандос Нұрмағанбетов Парламент Сенаты қаржы және бюджет комитетінің отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
«ЖЭО-3-ті қолданысқа беру кейінге шегеріліп, жобалық сметаға түзету енгізілді. Тиісті бюджеттік рәсім жүргізілді. Жоспар бойынша елордадағы ЖЭО-3 2023-2024 жылғы жылыту маусымына дайын болады. Қалалық әкімдік бұл мәселені қатаң бақылауда ұстап отыр, себебі тапсырыс беруші - солар. Нысан уақытында тапсырылып, жаңа үйлердің іске қосылуына байланысты жылу тапшылығы мәселесі шешіледі деп үміттенеміз әрі сенеміз», - дейді вице-министр.
Еске салсақ, биыл қаңтарда Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында жыл соңына дейін Астанада үшінші жылу электр орталығының пайдалануға берілетінін айтқан еді.