— Дрондар жер үстінен іздестіру қиын немесе мүмкін емес жағдайларда қолданылады. Атап айтқанда, су айдындарында, қамыс қалың өскен аумақтарда, орман белдеулерінде, батпақты жерлерде, сондай-ақ қалалық бейнебақылау жүйесі қамтымаған аумақтарда пайдаланылады. Әуеден шолу жасау арқылы полиция қызметкерлері кең аумақтарды жедел қарап шығып, іздеу бағытын жылдам анықтай алады, — делінген ІІМ хабарламасында.
Жыл басынан бері елордада азаматтардың із-түзсіз жоғалуына қатысты 3 мыңнан астам өтініш тіркелген. Олардың қатарында кәмелетке толмағандар да, ересектер де, оның ішінде егде жастағы азаматтар да бар. Сондай-ақ балық аулауға немесе серуендеуге шығып, түрлі себептермен байланысқа шықпай қалған азаматтарға қатысты жағдайлар да жиі кездеседі.
Осындай жағдайларда дрондарды пайдалану іздестіру жұмыстарын едәуір жеделдетуге, аумақтарды тексеруге кететін уақытты қысқартуға және жетуі қиын жерлердегі іздеу жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бірқатар жағдайда әуеден жүргізілетін мониторинг із-түзсіз жоғалған адамдарды табуға немесе олардың болуы мүмкін аумағын нақтылауға ықпал етеді.
Заманауи технологияларды қолданумен қатар, іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлері мен қызметтік иттер де тартылады. Жедел қызметте техникалық құралдарды енгізу іздестіру жұмыстарының нәтижелілігін арттырып, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Айта кетелік полиция қызметкерлері дрондарды басқару бойынша дайындықтан өтіп жатқаны туралы жазған едік.