Астанада жол жұмысшыларына арналған жаңа демалыс бөлмелері ашылды

Фото: Астана Тазалық

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласында коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа әлеуметтік жоба жүзеге асты.

«Астана Тазалық» ЖШС бір жыл ішінде жол жұмысшылары үшін арнайы тұрмыстық және демалыс бөлмелерін күрделі жөндеуден өткізіп, пайдалануға берді. Жоба әкімдіктің қолдауымен іске асырылды.

Жаңартылған он бөлме «Есіл» және «Нұра» аудандарында орналасқан және 200-ден астам жол жұмысшысының күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге арналған. Сонымен қатар, «Шығыс» және «Батыс» тұрғын үй кешендерінің төменгі қабаттарынан қосымша орындар алынып, толық қайта жабдықталған.

Фото: Астана Тазалық

Бүгін осы жаңа демалыс бөлмелерінің тұсаукесері өтіп, жол жұмысшылары күнделікті қажырлы еңбектің арасында дем алып, тынығатын өз кеңістігіне ие болды. Қызметкерлерге арналған бұл орындар жанға жайлы интерьерімен, заманауи техникасымен және санитарлық талаптарға сай жабдықтарымен көз тартады. Мұнда шай қайнатып, тамақтанып, киімін түзеп, келесі ауысымға тың күйде шығуға мүмкіндік қарастырылған.

Жөндеу жұмыстарының ауқымы кең болды: санитарлық-гигиеналық тораптар қайта жасақталды, демалыс пен тамақтануға арналған орындар жаңартылды, жұмысшылардың қысқа үзілісте қалпына келуіне қолайлы шағын тынығу бұрыштары ұйымдастырылды. 

Фото: Астана Тазалық

Алғашқылардың бірі болып бөлмені аралап шыққан жол жұмысшысы Мадат Тұяқбаев жаңа кеңістіктің маңызына тоқталды.

— Бұл бөлмелердің жасалғаны біз үшін жақсы болды. Бұрын мұндай мүмкіндік болмады. Қазір жылы жерде отырып тынығып, шай ішіп алуға жағдай бар. Қарапайым нәрсе болса да, жұмысқа үлкен көмек береді, — деді ол.

Жоба қала тазалығын қамтамасыз ететін қызметкерлерге деген құрметті күшейтіп қана қоймай, коммуналдық саланың жалпы еңбек мәдениетін жаңғыртуды көздейді.

Фото: Астана Тазалық

— Біздің мақсатымыз — тек қаланың тазалығын қамтамасыз ету емес, сонымен бірге сол жұмысты атқарып жүрген әр қызметкердің жағдайын жақсарту. Бұл демалыс бөлмелері — жұмысшылардың денсаулығына, еңбек өнімділігіне және жалпы әлеуметтік қолдауына бағытталған маңызды қадам. Қызметкерлеріміздің еңбегін бағалап, лайықты жағдай жасау — біздің азаматтық әрі кәсіби міндетіміз, — деді «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Замир Сагинов.

Бұдан бұрын елорданың жасыл аймағына қойылатын санитарлық талаптар күшейтілетіні белгілі болды.