Көбіне ересектердің болмауы салдарынан балалар биіктен құлап кетіп жатады. Бүгінде баланың терезеден құлаған 10 фактісі тіркелді, олар терезе торының дұрыс бекітілмегенінен болуда. Нәтижесінде 2 бала көз жұмды.
«Мысалы, 9 шілдеде сағат 14-те балалар ауруханасына қабырға, омыртқа, бұғанасы әр түрлі дәрежеде сынып, миы шайқалған 6 жасар қыз бала жатқызылды. Ол үйінде ересек адамның қарауынсыз қалып, терезеден құлап кеткен. Қазір баланың жағдайы өте ауыр», - деп хабарлады Астана ІІД.
Бұдан басқа, 7 тоқ соғу фактісі тіркелді (1 бала қаза тапты), төртеуі пештің ақауына байланысты газбен уланған, екеуі өрт фактісі, оның бірінде екі кішкентай бала қаза тапты. Баланы бесікте қараусыз қалдырып кеткеннен 3 жаңа туылған нәресте өлімі тіркелді. Бір жағдайда анасы ұйықтап қалып, баласы бастырылып қалған. 2 факті бойынша балалар суға кетіп қайтыс болған.
48 жол-көлік оқиғасы тіркелді, оның біреуінде бала қаза тауып, 47 бала түрлі дене жарақаттарын алған.