Астанада жыл бойы жұмыс істейтін алғашқы ауылшаруашылық жәрмеңкесі ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың Пригородный елді мекенінде жыл бойы жұмыс істейтін алғашқы ауылшаруашылық жәрмеңкесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

«Ауданы 7 мың шаршы метр болатын жылы орында елорданың, сондай-ақ өзге өңірлердің тауар өндірушілерінің өнімдері ұсынылады. Азық-түлік нарық құнынан төмен бағамен қойылады», делінген әкімдік мәліметінде.

Әр демалыс күндері таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 5-ке дейін тұрғындар жәрмеңкеде Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары тауар өндірушілерінің, сондай-ақ елордалық тауар өндірушілердің өнімдерін сатып ала алады.


Жәрмеңкеде сиыр етінің келісі – 2000 теңге, жылқы еті – 2200 теңге, қазы, жая 2500 теңгеден сатылады.

«Біз көкөніс өсіреміз. Жәрмеңке туралы естіген бетте бірден өтініш бердік, енді өз өнімдерімізді осында шығарып отырамыз. Бізде көкөністің 18 түрі бар, бәрі жаңа піскен және бағалары да қолайлы», – деді сатушы Рүстем.

Айта кетейік, жәрмеңкеде азық-түлік өнімдерінің барлық түрі – сүт, бакалея, шұжық, ұн, жаңа ауланған балық және тағы басқалары сатылады.

«Жәрмеңке санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі. Келушілер бетперде тағуы, қол гигиенасын, әлеуметтік қашықтықты сақтауы керек», - деді әкімдіктен.

Әр аптаның сенбі және жексенбі күндері өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкесінің мекенжайы: Пригородный елдімекені, Арнасай көшесі, 109-ғимарат.