Астанада жылдамдық өлшейтін жаңа аппараттар әлі қосылған жоқ - Астана ІІД

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда аумағындағы жылдамдық өлшейтін жаңа сұр аппараттар әлі қосылған жоқ. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында қалалық ІІД бастығының орынбасары Батырлан Есенбай мәлім етті.

«Жылдамдық өлшейтін сұр аппараттар әлі де қосылған жоқ. Оны іске қосу үшін қаладағы өзге жүйемен өзара қосылуы қажет. Кем дегенде шамамен бір айдың ішінде бұл аппараттар жұмысын бастауы ықтимал»,-деді Б. Есенбай.

Оның сөзіне қарағанда, қала аумағында орнатылған жылдамдық өлшейтін сұр аппараттар қазіргі кезде тестілік режімде жұмыс істеп тұр. Алайда, олар бойынша айыппұл салу шаралары жүзеге асырылып жатқан жоқ.

«Бұл аппараттардың тиімділігі бар. Қала бойынша 35-ке тарта осындай өлшегіштер орнатылды. Қазіргі кезде бұларды біздің мәліметтер базасына қосу шаралары атқарылуда. Әзірге бұл аппараттарды қосу үшін сертификация болмай тұр. Сертификация болған кезде олар бізге қосылады және халықты осы жайында ескертетін боламыз»,- деді Б. Есенбай.