Астанада жылу беру крандарын ұрлаған екі жігіт ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада полиция тұрғын үйлердің кіреберістерінен радиаторлардың балансын реттейтін қақпақшаларды (жылу беру крандарын) ұрлаған екі жігітті ұстады, деп хабарлайды қалалық ІІД баспасөз қызметі.

Ұсталған 22-23 жастағы екі қала тұрғыны Астана қаласы ІІД-нің Уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Полицияға ЖШС-лардың бірінің өкілі белгісіз біреулердің үйлердің кіреберісінен 16 автоматты түрде жылуды реттейтін қақпақшаларды ұрлап кеткендігі жөнінде хабарлады. Келтірілген шығын 700 мың теңгеге бағаланып отыр.

Аталмыш фактілер ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізіліміне алынды. Тергеу амалдары барысында автоматты түрде жылуды реттейтін қақпақшалар тәркіленді. Сондай-ақ ұсталғандардың аталмыш сипаттағы 6 ұрлыққа қатысы бар екендігі анықталды. Тергеу жалғасуда.