Оның айтуынша, 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталықтың бүгінде жалпы сыйымдылығы 65 орындық екі паналау орны бар. Мұнда қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балалар уақытша тұрып, психологиялық, құқықтық, әлеуметтік және медициналық көмек ала алады.
– Орталықтың негізгі мақсаты – әйелдерді уақытша баспанамен қамтамасыз ету ғана емес, олардың өз бетінше өмір сүруіне жағдай жасау. Осы мақсатта мамандар қызмет алушылардың жұмысқа орналасуына, қажетті құжаттарын рәсімдеуіне және балаларын білім беру ұйымдарына орналастыруына көмектеседі, - деді орталық басшысы.
Анна Рыль ұсынған мәліметке сәйкес, 2025 жылы орталықтың көмегімен 21 әйел жұмысқа орналасып, тағы бесеуі кәсіби оқудан өткен. Сондай-ақ 41 бала мектепке қабылданған.
– Биыл да бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Атап айтқанда, 26 әйелге тұрғылықты жері бойынша тіркелу, балаларын мектеп пен емханаға орналастыру мәселелері бойынша қолдау көрсетілді. Бір әйелдің құжаттары қалпына келтіріліп, төрт баланың психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациядан өтуіне жағдай жасалды. Тағы екі балаға мүгедектік рәсімдеуге көмек берілді, - деді спикер.
Орталықта уақытша тұруды қажет етпейтін, бірақ отбасындағы жағдайға байланысты мамандардың көмегіне мұқтаж әйелдер де кеңес ала алады.
Айта кетейік, «Қорғау» дағдарыс орталығы 2024 жылы 251 адамға, ал 2025 жылы 208 адамға көмек көрсеткен. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша орталық қызметін 212 адам пайдаланған.
Бұған дейін Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоюдың жаңа тетігін ұсынған еді.