Айжан Аймағанова зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоюдың жаңа тетігін ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Айжан Аймағанова Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атына сауал жолдап, «Электронды қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеуді ұсынды.

«Электронную зону защиты» для женщин от насилия предложили создать в Казахстане
видеодан алынған кадр

- Соңғы жылдары елімізде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында маңызды шаралар қабылданды. Жауапкершілік күшейтілді, алдын алу тетіктері кеңейтілді. Алайда қайғылы жағдайлар әлі де жалғасуда. Кейінгі бірнеше айдың өзінде қоғамды дүр сілкіндірген бірнеше оқиға болды. 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова көптеген пышақ жарақатынан мерт болды. 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауованы бұрынғы жұбайы өлтірді. Осы орайда «қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық болғаннан кейін ғана әрекет етпей, қауіпті алдын ала анықтап, оның жолын кесуге қаншалықты мүмкіндік береді?» деген маңызды сұрақ туындайды. Оған қажетті құқықтық та, цифрлық та мүмкіндіктер бізде бар. Ендігі міндет - сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қауіпті дер кезінде анықтау және адамның өмірі мен қауіпсіздігін қорғау, - деді Айжан Аймағанова.

Оның айтуынша, бұл үшін жаңа әрі қымбат ақпараттық жүйе құрудың қажеті жоқ. Қазақстанда профилактикалық есепке алу мен электрондық бақылаудың қажетті тетіктері қазірдің өзінде бар.

- Осыған байланысты тиісті ұсыныстарды жарияламақпын. Біріншіден, Ішкі істер министрлігі жекелеген өңірлерде «Электронды қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізу тиіс. Екіншіден, қауіп туралы сигнал түскен кезде, полицияның нақты не істеуі керектігін белгілейтін бірыңғай міндетті алгоритм бекіту қажет. Үшіншіден, әрбір қауіп сигналы және сол бойынша қабылданған шаралар автоматты түрде цифрлық тіркеуге алынуға қажет. Бұл әрбір сигнал бойынша кімнің, қашан және қандай шара қабылдағанын нақты көруге мүмкіндік береді, - деді депутат.

Айта кетейік, елімізде балаларға қатысты зорлық-зомбылық, қатыгездік пен жәбірлеу деректеріне дер кезінде әрекет етудің бірыңғай ведомствоаралық алгоритмі бекітілді.