Астанадағы Арыс көпірінде жөндеу жұмыстарына байланысты қозғалыс 10 күнге шектеледі
АСТАНА. KAZINFORM – Қаладағы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы Арыс көпірінде (М3) деформациялық тігісті жөндеу жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.
Жөндеу жұмыстары 15 қыркүйектен 25 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы кезеңде автокөлік құралдарының қозғалысы ішінара шектелмек.
- Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге маршруттарын алдын ала жоспарлап, қозғалысты ұйымдастырудағы ықтимал өзгерістерді ескеруге кеңес беріледі. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында уақытша жол белгілері мен көрсеткіштер орнатылады, - делінген ақпаратта.
Басқарма қала тұрғындары мен қонақтарынан қолайсыздыққа түсіністікпен қарап, қозғалысты жоспарлау кезінде шектеулерді ескеруді сұрады.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада Әйтеке би көшесінің бір бөлігі уақытша жабылатыны хабарланған болатын.