Оның айтуынша, стационар 288 төсекке есептелген. Алайда пациенттердің көбеюіне байланысты төсек саны 453-ке дейін кеңейтілген. Оның ішінде 243 төсек – вирустық инфекция жұқтырған балаларға арналған.
Директордың дерегінше, тәулігіне стационардың қабылдау бөліміне 450-500-ге дейін бала жүгінеді. Солардың тек 20-25 пайызы ғана ауруханаға жатқызуды қажет етеді. Қалғандарына үй жағдайында ем қабылдауы үшін дәрігердің тиісті ұсынымдары беріледі.
«Біздің инфекциялық стационар төсектер санын 550-ге дейін ұлғайтуға дайын. Сырқаттанушылық өскен жағдайда қолданылатын резервтеріміз бар, дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілгенбіз», – деді Марат Әбдуов.
Сонымен қатар ол ата-аналарды стационардың қабылдау бөлімінде жиналмауға шақырды. Оның айтуынша, бұл өзге инфекциялармен айқаспалы жұқтыру қаупін күшейтеді.
Дәрігерлер ауру белгілері пайда болған жағдайда тұрғындарға өз учаскелік дәрігеріне, фильтр-кабинеттерге, емханалардың шұғыл көмек бөлімшелеріне жүгінуді немесе мобильді бригаданы шақыруды ұсынады.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі тұмау мен ЖРВИ көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға төмендегенін мәлімдеді.