Астанадағы екі дәріханаға вирусқа қарсы дәрілердің жаңа партиясы әкелінеді

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында Астана қаласын вирусқа қарсы дәрілермен қамтамасыз ету 1-2 күннің ішінде толық шешілетінін айтты.

— Министрлік Астана қаласының ірі дәріхана желілері мен дистрибьюторларымен кездесу өткізді. Халық арасында сұранысқа ие дәрілерге қосымша өтінім берілді. Осыған байланысты 1-2 күннің ішінде 2 айлық қоры жасақталады. Бүгін Астанадағы Zerde және «Медсервис» желілеріне сұранысқа ие дәрілер келіп, дәріханаларға таратылады, — деді ол.

Ақмарал Әлназарова ауруханаларда аталған дәрілердің қоры жеткілікті екенін атап өтті.

— Емдеу мекемелерінде вирусқа қарсы және қызу түсіретін препараттардың, жеке қорғаныш құралдары мен дезинфекциялық құралдардың жеткілікті қоры қамтамасыз етілген, — деді министр.

Бұдан бұрын Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы баяндап, вирустардың өршуі желтоқсанның ортасына дейін жалғасуы мүмкін екенін айтты.