Ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Есіл» ауданының әкімі Төлеген Закарьянов шағынаудан тұрғындарын Конституция күні мейрамымен құттықтап, жаңадан ашылған полиция бөлімінің жұмысына, қызметкерлеріне сәттілік тіледі.
«Қазақстан - демократия қағидаттарын берік ұстанған, зайырлы, құқықтық мемлекет, өркениетті қоғам құру жолында өз бағытын айқындаған, берік ұстанымы бар ел. Қаламыз жылдан-жылға дамып, көркейіп келеді, ауданымыздың қала бойынша үлгілі аудан болуы сіз бен біздің тығыз байланыстағы қажырлы еңбегіміздің жемісі. «Есіл» ауданы әкімдігі тұрғындардың әрбір ұсынысына құлақ түріп, қолдау білдіруге дайын. Осы ашылып отырған полиция бөлімі ауданымыздағы қоғамдық тәртіпті одан әрі күшейте түседі деген ойдамын», - деді Т. Закарьянов.
«Жағалау» шағынауданында ашылған полиция бөлімі Ш. Айтматов көшесі, 29а мекенжайында орналасқан. Полиция бөлімі барлық керек-жарақпен қамтамасыз етілген. №26 полиция бөлімінде әзірге бес тәртіп сақшысы қызмет етеді.
«Бұл полиция бөлімі осы шағын аудандағы қоғамдық тәртіпті қадағалау және қылмыстың алдын алу үшін ашылып отыр. Полиция бөлімінің қызметкерлері аудан тұрғандарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Зайырлы қоғамның ұстанымы - құқықтық мемлекет құру, осы жолда сіздер біздің бөлімнің қызметкерлеріне жәрдемдесесіздер деген ойдамын», - дейді Ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Марат Қожаев.