Астанадағы жаңа тарифтер екі бөлмелі пәтер үшін қаншалықты өсті

АСТАНА. ҚазАқпарат – 1 шілдеден бастап Астанадағы коммуналдық қызметтердің бағасы өскенімен, орташа республикалық көрсеткіштен әлі де төмен. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департамент басшысы Қанат Құлназаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа тарифтермен есептесек, 2 бөлмелі пәтердегі үйдің су мен кәрізге төлейтін (20 текше метр) түбіртегі шамамен 300 теңгеге немесе 1 448 теңгеден 1748 теңгеге өседі. Бұл 20% өсім деген сөз. Ал жылуға төлейтін түбіртегі осындай екі бөлмелі пәтер үшін 650 теңгеге, электр төлемі 400 теңгеге қымбаттайды», - деді Қанат Құлназаров.

Оның сөзіне қарағанда, елордада коммуналдық тариф өскенімен, кейбір өңірлерге қарағанда әлі де төмен.

«Тарифке енгізілген түзетулерге қарамастан, астанадағы коммуналдық қызметтердің бағасы орташа республикалық көрсеткіштен төмен. Мысалы, Қарағанды қаласында жылу энергиясының тарифі – 3 776 теңге/Гкал, Астанада бұл көрсеткіш – 2 765 теңге/Гкал. Айырмашылық 27% немесе 1 011 теңге. Қарағандыда 1 текше метр судың құны 120,72 теңге болса, Астанада 58,15 теңге. Айырмашылық 52% немесе 63 теңге», - дейді департамент башысы.