Астанадан Қытайға жаңа әуе бағыты ашылады

Фото: Көлік министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Көлік министрлігі ұшу географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын арттыру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп келеді.

Осыған орай, осы жылдың 2 маусымынан бастап қазақстандық «Air Astana» әуе компаниясы Қытайға жаңа әуе бағытын – Астана – Гуанчжоу маршрутын ашуды жоспарлап отыр.

Азаматтық авиация комитеті мәліметінше, рейстер аптасына 2 рет «Airbus A321LR» үлгісіндегі әуе кемелерімен орындалады.

Аталған әуе қатынасының ашылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықтың одан әрі дамуына ықпал етеді деп жоспарланған.

Айта кетейік, маусым мен қыркүйек аралығында Астана мен Алматыдан Кипрдің оңтүстік жағалауындағы Ларнака қаласына тұрақты әуе рейстері ашылады.

2026 жылы Қазақстанның ішіндегі әуе рейстерінің саны артады. Бұл туралы Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата отырысында Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мәлім етті.