Астанадан Талдықорғанға 3,6 келі психотроптық зат жеткізбек болған күдікті ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласында полиция қызметкерлері Талдықорғанға жеткізуге арналған 3 келіден астам психотроптық затты тәркіледі. Заңсыз тасымалдауға күдікті 32 жастағы ер адам ұсталып, қамауға алынды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Фото: Polisia.kz

Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ішкі істер министрлігі және Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен елордадан Талдықорған қаласына ірі көлемде психотроптық заттарды жеткізу арнасының жолын кесті.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлеріне тыйым салынған заттардың жеткізілетіні туралы ақпарат түскен. Кейінгі жедел жұмыстар нәтижесінде заңсыз тасымалдауға қатысы бар адамдар мен оның мән-жайлары анықталды. Астана қаласында полиция қызметкерлері Тараз қаласының тумасы, 32 жастағы ер адам басқарған Geely автокөлігін тоқтатты.

— Көлікті тінту барысында артқы жолаушылар орындығының тысы астынан ұнтақ тәрізді заты бар екі орама табылды. Тергеу барысында 2 келі 148 грамм мефедрон және 506 грамм α-PVP психотроптық заты тәркіленді. Алайда жедел жұмыс мұнымен аяқталған жоқ, — деп хабарлады ІІМ—нен.

Кейінгі іс-шаралар барысында ұсталған азамат кінәсін мойындап, одан әрі таратуға арналған психотроптық зат жасырылған орынды көрсетті. Көрсетілген аумақты тексеру кезінде полиция қызметкерлері тағы 992 грамм α-PVP психотроптық заты салынған ораманы анықтады. Осылайша, заңсыз айналымнан жалпы салмағы 3 келі 646 грамм психотроптық зат тәркіленді.

Аталған заттар одан әрі таратуға арналған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті қамауда отыр. Полиция өңірге есірткі және психотроптық заттарды жеткізу арналарының жолын кесу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.

Бұған дейін Астанада Telegram арқылы есірткі сатқан топ мүшелері сотталғанын жаздық.