Астанаға күзде келетін автокеруендер полицейлердің қорғауына алынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана полициясы қызметкерлері елордада ауыл шаруашылығы жәрменкелерін өткізу кезеңінде жол және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, жыл сайын қалалық әкімдіктің бастамасымен дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылады.

«Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының мәліметі бойынша, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері кезінде құқық қорғаушылар фермерлердің өнімдері тиелген автокеруендерді іс-шара өткізілетін орындарға жеткізіп отыру міндетін мойындарына алды», - делінген қалалық ІІД мәліметінде.

Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 20 қыркүйегінен бастап 2 қарашаға дейін елордалық ІІД ӘПБ жол-патрульдік полиция экипаждары аумақтық ІІО полицейлерімен алып келген ауыл шаруашылығы өнімдерінің автокеруендерін елордаға кіреберістегі «Рубеж» қосындарынан қарсы алып, қалалық әкімдіктің алаңына алып келеді.

«Ұрлау, бопсалау, тонау және басқа да теріс әрекеттердің алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері жәрмеңке өтетін орындарда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді»,-деп атап өтілген хабарламада.