Елорда тұрғыны актерлік шеберлікті үйрену және фильм түсіріліміне қатысу үшін жеке кәсіпкермен шарт жасасқан. Курстың жалпы құны 1 690 000 теңге болған. Өтініш иесінің айтуынша, сабақтар да, фильм түсірілімі де басталмаған. Осыған байланысты тұтынушы кәсіпкерге шартты бұзу және төленген қаражатты қайтару туралы жазбаша талап жолдаған. Алайда шартта белгіленген мерзімде қаражат қайтарылмаған.
Тұтынушы департаментке жүгінгеннен кейін мәселе шешіліп, кәсіпкер төленген 1 690 000 теңгені толық қайтарды.
- Тұтынушы қызмет көрсету туралы шарттан бас тартуға құқылы.Бұл жағдайда қызмет көрсетуші шартты орындау барысында нақты жұмсаған және құжатпен расталған шығындарын ғана ұстап қала алады. Ал қызмет көрсетілмесе және ешқандай шығын жұмсалмаса, төленген қаражат толық қайтарылуы тиіс, - деді Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашов.
Айта кетелік Павлодар облысында тұтынушыларға 88 млн теңгеден астам қаражат қайтарылған еді.