Павлодар облысында тұтынушыларға 88 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Биылғы 10 айда өңірлік сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұрғындардан 2065 өтініш түскен. Шағымдардың жартысына жуығы бөлшек саудаға қатысты.

Қаржы нарығында жаңа бақылау жүйесі іске қосылады
Коллаж: Kazinform\Canva

Жыл басынан тұтынушылардың құқығын қорғау бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде сатып алушыларға 88 млн теңгеден астам қаражат қайтарылған. 

Өңір тұрғындары көбіне тұрмыстық техника, аяқ киім мен киімді қайтару немесе айырбастау мәселелері бойынша шағымданған. Арасында құны 20 млн теңгеге дейін жететін автокөліктерге қатысты даулы жағдайлар да бар.

Мұндай мәселелердің барлығы бірдей тексеруге ұласа бермейді. Көп жағдайда кәсіпкерлерге заң талаптары түсіндірілгеннен кейін олар ақшаны қайтаруға немесе тауарды айырбастауға келіседі.

– 10 айда департаментке 2065 өтініш келіп түсті. Шағымдардың басым бөлігі, яғни шамамен 48 пайызы бөлшек сауда саласына тиесілі. Тағы 18 пайызы тұрмыстық қызметтер мен электрондық саудаға қатысты. Тұрмыстық қызмет көрсету саласында тұрғындар көбіне терезелерді сапасыз орнату, жұмысты белгіленген мерзімде орындамау және жиһаз жасау кезіндегі кемшіліктерге шағымданады, – дейді Павлодар облысы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.

Облыста 217 тексеру жүргізілген. Оның 51-і тікелей тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты.

Еске сала кетейік, СҚО-да тұтынушылардан түскен шағымдар саны шамамен екі есеге артқан.