Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері қала қызметтерімен бірлесіп елорданың бірқатар ауданында су тасқынының салдарын жою жұмыстарын жүргізуге кірісті.
— Құтқарушылар су басқан жол учаскелерінде қалып қойған жеңіл автокөліктерді эвакуациялап, қауіпсіз жерге сүйреп шығаруда. Сондай-ақ тұрғындарға көліктерден шығуға және қауіпсіз жерге жетуге көмек көрсетіп, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр, — делінген хабарламада.
ТЖМ авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстардың жалғасып жатқанын хабарлады.
Ведомство елорда тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік шараларын сақтауға, аса қажет болмаса су басқан жолдарға шықпауға және тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды.
Осыған дейін нөсер жауып, шаһар көшелерін су алуына байланысты елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын жазғанбыз.
Бұдан бөлек нөсер кезінде Tarlan Astana желісі станцияларының бірінде төбеден су аққаны белгілі болды.