Астаналық оқушы Earth Ambassadors халықаралық жастар қозғалысының президенті атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы №71 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Айгерім Жиенбек соңғы екі жыл бойы экология, жастар дипломатиясы, халықаралық ынтымақтастық және білім беру салаларындағы жобаларға белсенді қатысып келеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Жақында ол Earth Ambassadors («Жер амбассадорлары») халықаралық жастар қозғалысының президенті атанды.

Айгерім қоғамдық қызметін сегізінші сыныпта бастаған. Алғашында түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға көмектесіп, кейін қозғалыстың халықаралық қатынастар бөлімінің үйлестірушісі болған. Осы кезеңде оқушы Эстония, Біріккен Араб Әмірліктері және Бразилия елшіліктерімен байланысты іс-шараларға қатысып, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға үлес қосқан.

Фото: Астана әкімдігі

Сонымен қатар Айгерім португал тілі мен мәдениетін дәріптеу мақсатында тіл клубын құрған. Сондай-ақ гендерлік теңдік пен әйелдер құқығын қорғауға арналған жеке іс-шара ұйымдастырған.

— Оқушының экология саласында да жетістіктері бар. Айгерім Pro Eco республикалық байқауында екінші орын алып, өз жобасын Қазақстанның Экология министріне таныстырған. Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ағаш отырғызу іс-шараларына, сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктермен, халықаралық ұйымдармен және бизнес өкілдерімен бірлескен экологиялық жобаларға қатысқан, — делінген хабарламада.

Қыркүйек айында Айгерім қозғалыстың президенті болып тағайындалды. Қазір жас көшбасшы жастар бастамаларын қолдауға, халықаралық байланыстарды нығайтуға және экологиялық мәдениетті дамытуға ерекше көңіл бөліп жүр.

Фото: Астана әкімдігі

Айгерімнің тәжірибесі оқушылардың мектеп қабырғасында жүріп-ақ қоғамдық бастамаларға белсенді қатысып, халықаралық ынтымақтастық пен тұрақты дамуға үлес қоса алатынын көрсетіп отыр.

Бұған дейін Нобель лауреаттарының қолтаңбасы бар телескоп астаналық оқушыларға сыйға берілгенін жазғанбыз.