Астаналық полицейлер практикалық оқ атудан ел кубогын жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM – Қонаев қаласында Qaisar оқу-жаттығу ату алаңында «Тапанша» (classic) бөлімінде практикалық атудан ҚР Кубогының финалы өтті. Командалық есепте Астана қаласы арнайы мақсаттағы полициясының жылдам әрекет ететін арнайы бөлімшесі (СОБР) бірінші орынды иеленді.

Фото: Kazinform

Практикалық оқу ату спортымен Қазақстанның барлық әскери міндеттілері, арнайы жасақтары айналысады. Әсіресе «Classic» бөліміне ең көп мергендер қатысады және финалға Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ, Арлан, ҰҚК және басқа да бөлімшелерден 19 команда бақ сынасты. 
Жеке есепте 1-орынды Астана қаласы арнайы мақсаттағы полициясының жылдам әрекет ететін арнайы бөлімшесінің полиция майоры О. Сенкебаев, 2-орынды – полиция капитаны Е. Базарбаев және 3-орынды Қарағанды қаласының жылдам әрекет ететін арнайы бөлімшесінің қызметкері иеленді.

 
«Жарыс жоғары деңгейде өтті. Бұл біздің шеберлігімізді арттырып, деңгейімізді көтеруге, осы бағытта дамуымызға үлкен мүмкіндік. Тапсырмалар жылдан-жылға қиындап барады. Нысанаға дөп тигізу оңай емес, оған дайындық керек, шеберлік және темірдей тәртіп керек. Қазір практикалық оқ атудан Астана командасы ел бойынша үздік саналады, одан бөлек, Қызылжар және Павлодар, Қостанай командалары жақсы қадам басып кетеді», - дейді деді елордалық Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері, капитан Ерлан Базарбаев агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

 Бұған дейін Астана қаласының арнайы мақсаттағы полициясының командасы ақпан айында өткен ҚР Кубогының 1-кезеңінде және мамыр айында өткен Кубоктың 2-кезеңінде – 1 орын алған еді.
Осылайша, Астана қаласы арнайы мақсаттағы полициясының Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы 3 рет ҚР Кубогын және ҚР чемпионатын жеңіп алып, 2024 жылдың абсолютті чемпионы атанды.


«Биыл командамыз тарихта болмаған нәтиже көрсетті, 4 кезеңде жеңіске жетіп, абсолютті чемпион атанды. Бұған дейін ешбір команда мұндай көрсеткішке жетпеген. Біздің команда халықаралық жарыстарға қатысса да, үздік нәтижелер көрсетер еді, - дейді Е. Базарбаев.

 
Айта кетейік, практикалық оқ ату кәсіби спорт ретінде өткен ғасырдың 50-жылдары АҚШ-та бастау алды. Онда бірнеше қару түрлері – тапанша, винтовка, бытыралы мылтық қолданылады.
Халықаралық практикалық ату конфедерациясы (IPSC) 1976 жылы құрылған. Қазақстанда бұл спорт 2010 жылдары белсенді жүргізіле бастады.