Турнирге Қазақстан, Қытай, Өзбекстан, Филиппин, Малайзия және басқа да елдердің гимнастшылары қатысты.
Қазақстан намысын жарыста тоғыз спортшы қорғады. Олардың төртеуі — астаналық гимнаст.
«Әлем Академиясының» тәрбиеленушісі, 8 жастағы Медина Есенбек жарыста үш медаль жеңіп алды. Ол шығыршықпен жаттығуда алтын, ал құралсыз жаттығу мен көпсайыста екі күміс медаль иеленді.
— Мединаның өнер көрсетуі ұлттық мәдениетіміздің әсем көрінісіне де айналды. Жас гимнаст кілемге қазақы ою-өрнекпен көмкерілген костюм киіп шығып, композициясын қазақ музыкасының сүйемелдеуімен орындады. Медина үшін бұл турнир тек спорттық жетістікпен шектелмей, Қазақстанды халықаралық аренада лайықты танытуға берілген үлкен мүмкіндік болды, — деп хабарлады Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық «классиктер» U20 әлем чемпионатын бір алтын медальмен аяқтағанын хабарлағанбыз.