Астаналық спортшыларға берілетін сыйақы көлемі артты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда спортшыларына берілетін сыйақы көлемі өсті. Одан бөлек, спортшыларды жаттықтырушы мамандардың жалақысы артпақ.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жыл елдегі пандемияға қарамастан елорда спортшылары үшін табысты болды. Спортшыларға берілетін сыйақы мөлшері ұлғайып, оны алатындардың саны 84-тен 170-ке дейін артты. Нақтырақ айтсақ, Олимпиада ойындарының жеңімпазына бұрын 97 334 теңге сыйақы берілсе, қазір оның көлемі 694 500 теңгеге дейін өсті. Әлем чемпионы атанған спортшы 93 794 теңге сыйақы алса, бүгінде ол 277 800 теңгеге дейін артты. Ал Азия Чемпионатының сыйақы мөлшері 83 176 теңгеден 222 240 теңгеге дейін ұлғайды. Тиісінше ҚР Чемпионатында жүлдегер атанған спортшы бұрын 79 637 теңге сыйақы иеленсе, қазіргі уақытта жеңімпазға 166 680 теңге көлемінде сыйақы беріледі», - деді Самат Ерғалиев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы жаттықтырушылардың да жалақысы 2024 жылға дейін 25 пайызға өсетінін айтты.

«Жоғарыда аталған өзгерістер нәтижесінде Олимпиадалық және Олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту дирекцияларының құзыреті артады және елорда құрама командаларының спорттық бәсекелер мен халықаралық додаларға дайындық жұмысы тиісті деңгейде ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ, биылдан бастап елордалық спортшылардың іссапарына бөлінетін қаражат қолма-қол ақшамен емес, тікелей спортшылардың жеке шоттарына аударылатын болды», - дейді ол.

Айта кетсек, бұған дейін астаналық балалар мен жасөспірімдердің спортпен тегін түрде шұғылдана алатындығы хабарланған болатын.

Сондай-ақ, Самат Ерғалиев Нұр-Сұлтанда биыл ашылған спорттық нысандардың жұмысымен таныстырды.

Одан бөлек, елордада спорттық-медициналық орталықтың ашылатыны айтылды.