Астаналық Жастар театры Қызылорда қаласы әкімінің жүлдесіне ие болды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазақстан және КСРО халық әртісі Сәбира Майқанованың 100 жылдығына орай өткен Қазақстан драма театрларының ХХІІ республикалық фестивалінде елордалық Жастар театры Қызылорда қаласы әкімінің арнайы жүлдесіне ие болды, - деп хабарлады қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Балдырған Мамен.

«Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Қызылорда облысының әкімдігімен бірге 10-14 қыркүйек күндері Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХІІ республикалық фестивалін өткізді. Фестиваль аясында Астана қаласынан Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мен Жастар театры өнер көрсетті.

Сондай-ақ, көрермен басқа да жеті театрдың ойнауында У.Шекспир, Софокл, Ф.Буляков сияқты әлемдік драматургтермен қатар, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ш.Айтматов, Ж.Ерғалиев, Иран-Ғайып және О.Жанайдаров сияқты отандық авторлардың қойылымдарымен танысты», - дейді театрдың жарнама бөліміндегі қызметкерлер. Қызылорда қаласының арнайы сыйлығына ие болған Жастар театры ұжымы 1 млн. теңге көлемінде сыйақыға ие болды.