Астананың кейбір бөлігінде ақылы тұрақтардың төлемі өзгеруі мүмкін

АСТАНА.KAZINFORM – Елордадағы ақылы тұрақтардың тарифі қайта қарау жоспарланып отыр. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев мәлім етті.

Фото: Астана әкімдігі

Оның айтуынша, қала аумағында ақылы тұрақтар аймағы кеңейтіледі. 

— Сондай-ақ, кей жерлерде баға саясаты қайта қаралып, тариф өсуі мүмкін. Бұл ретте шаһардың сол жағалаудағы халық көп шоғырланған жерлер қамтылмақ. Мұнымен қоса, әлеуметтік нысандарда автотұрақтар мәселесі қаралады, яғни көлікті тегін қойылатын орындар нақтыланады, - деді Е. Өтебаев Парламент палаталарының отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, демалыс күндері тұрақтар ақысыз болуы мәселесі пысықталып жатыр. Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандардың маңындағы орындар да тегін болады.

Еске салсақ, 2025 жылдың желтоқсан айында Астана әкімдігі мен «Астананың тұрақ кеңістігі» ЖШС арасында алдын ала келісімшартқа қол қойылды

Құжатта аталған компания 100% үлесін жергілікті атқарушы органға қайтарымсыз негізде беретіні жазылған.

Бүгін Ерсін Өтебаев елордадағы ақылы тұрақтар әкімдіктің меншігіне толыққанды өткенін айтты.