Астанадағы ақылы тұрақтар наурыздың соңына дейін әкімдік меншігіне өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың желтоқсан айында Астана әкімдігі мен «Астананың тұрақ кеңістігі» ЖШС арасында алдын ала келісімшартқа қол қойылды. Бұл жөнінде Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы мәлімдеді.
Құжатта аталған компания 100% үлесін жергілікті атқарушы органға қайтарымсыз негізде беретіні жазылған.
— Қазір кәсіпорынның қаржылық-шаруашылық қызметіне аудит жүргізіліп жатыр. Барлық тиісті рәсім биылғы наурыз айының соңында аяқталады деп жоспарланып отыр, — делінген басқарма хабарламасында.
Айта кетейік, барлық жер учаскесі мен инфрақұрылым (шлагбаумдер мен цифрлық жүйелер) коммуналдық меншікке өтпек. Бұған дейін хабарлағанымыздай, бұл шешім елордадағы тұрақ инфрақұрылымын басқаруды жақсартуға және оны тиімдірек бақылауға оң әсер етпек.
Болашақта бұл тұрақ ұйымдастырудың жаңа тетіктерін енгізуге, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.