Астананың тазылары республикалық сайыста үздік атанды

Фото: Астана әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысында ұлттық «Қазақ тазысы» тұқымының аңшылық сынағы өтті. Сайыста Астананың тазылары үздіктер қатарынан көрінді. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігі хабарлады.

Бұл сынақ аңшылық ит тұқымын сақтау мен дамытуды көздейді. Сондай-ақ олардың халықаралық деңгейде танылуына ықпал ететін маңызды бастамаларды ұйымдастырады.

Сайыс алаңына түрлі шаруашылықтар мен кинологиялық клубтардан келген 15 үздік тазы жиналды. Бұл сынақ тазылардың нақты аңшылық қасиетін бағалауға мүмкіндік берді.

Жарыс кезінде тазылар құм қоянын аулады. Әр тазы тұқымы асқан әбжіл, жылдам және аңшылық қасиеті дамығандығын көрсетті.

— Сайысты «қазақ тазысы» тұқымының тәжірибелі мамандарынан тұратын сарапшылар комиссиясы бағалады. Бағалау кезінде иттің жылдамдығы, маневрлік қабілеті, аңшылық сезімталдығы, шеберлігі және төзімділігі ескерілді. Бұл көрсеткіштердің жиынтығы ең үздік қатысушыларды объективті анықтауға мүмкіндік берді, — делінген ақпаратта.

Жарыс қорытындысы бойынша астаналық «NOMAD» ұлттық аңшылық клубының «Арекет» атты тазысы І орынға ие болды. Екінші орын мінберінен де елордалық (Адырна) тазы тұқымы көрінді. ІІІ орынды «Қабылан» атты тазы еншіледі.

Еске сала кетейік, осыған дейін Қарағанды ​​облысынан шыққан тазы Қазақстанның мақтанышына айналғаны туралы жазған едік.