«Жасыл аймақ» ЖШС РМК басшылығы мен мамандары «Казавиаорманқорғау» РМҚК өкілдерімен бірлесіп, елорданың жасыл белдеуіне әуеден мониторинг жүргізді.
Әуе бақылауына кәсіпорынның бас директоры, Жедел басқару орталығы мен Орманды күзету және қорғау бөлімінің басшылары, сондай-ақ авиациялық бөлімшенің мамандары қатысты.
Мониторинг барысында мамандар орман екпелерінің жай-күйін бағалап, жетуі қиын аумақтарды шолып, орманға қауіп төндіруі мүмкін жағдайлардың бар-жоғын бақылап шықты.
— Әуе бақылауы кезіндегі назар аудартқан жайттардың бірі — жасыл белдеуде еліктердің көптеп кездесуі болды. Әртүрлі аумақтарда 4–5-тен топтасып жүрген, жалпы саны шамамен 50 елік байқалды. Бұл — Астананың жасыл белдеуі тек адам қолымен қалыптасқан орман алқабы ғана емес, жануарлар дүниесіне де қолайлы тіршілік ортасына айналып келе жатқанын көрсетеді, — дейді мамандар.
Бүгінде елорданың жасыл белдеуі өсімдіктер мен жануарлар қатар дамып келе жатқан тірі экожүйе ретінде қалыптасып келеді.
Осыған дейін хабарланғандай, елорданың айналасындағы жасыл белдеу алдағы уақытта үлкейе түседі, ол үшін бос жерлерге жаңа көшеттер егіледі. Қазір алғашқы жұмыстар басталды. Топырақтың сортаңдығын анықтау үшін әуелі ғылыми сынақтар жүргізіледі, содан соң көшет егу басталады. Мұның бәріне шамамен бес жылдай уақыт қажет. Ал «Жасыл белдеу» қала климатына қалай әсер етіп жатыр? Kazinform тілшісі тақырыпты толығырақ зерттеп көрді.