Астананы ластаған жүргізушілер 4 млн теңге айыппұл төледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының ІІД Жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полициясы стихиялық қоқыс қалдықтарын төгуге жол бермеуге бағытталған іс-шараларды күнделікті жүргізіп отырады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты ІІД ЖПҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы мақсатта қоқыс қалдықтары көптеп  төгілетін жерлерге тексерістер жүргізілуде. Тұрғындар арасында әкімшілік заңнаманы бұзған үшін берілетін жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстары тұрғылықты түрде жүргізіліп отырады.

9 сәуірде Астана қаласы ІІД ЖПҚ табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері  Ильинка кентінде, яғни Қорғалжын тас жолы көшесі бойында белгіленбеген орында құрылыс қоқыстарын тастаған «КамАЗ» автокөлігінің жүргізушісі, 1968 жылы туылған А. есімді азаматты ұстады. 

Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 505 бабы «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу...»  бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 30 АЕК (72 150 теңге) көлемінде айыппұл  салынды. 

Жалпы 2018 жылдың басынан бері белгіленбеген орында қоқыс қалдықтарын, қарды, лас сұйықтықты төккен 156 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы шамамен 3 млн 870 мың теңгеден астам.