Мысалы, «З» есімді азамат 8 сәуір күні үйінің тоналғаны туралы арыз жазған. Азаматтың айтуынша, ұрылар үйінің терезесін бұзып, шамамен 200 мың теңге тұратын құнды заттарды қолды қылған. «Сарыарқа» аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері жедел шараларды қолға алып, сол күні күдікті азамат - Оңтүстік Қазақстан облысының 19 жастағы тұрғынын ұстап, Астана қалалық ІІД-нің уақытша қамау абақтысына жапқан. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің «Ұрлық» бабына сай, сотқа дейінгі бірыңғай тергеулер тізіміне енгізілді. Тергеу аясында ұсталған азаматтың өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталады.
Жалпы, жедел-алдын алу шарасының аясында әкімшілік полиция қызметкерлері мен жергілікті полиция қызметі шамамен 1 500 әкімшілік құқық бұзушылық фактілерін анықтаған. Соның ішінде, бұзақылыққа қатысты 100 факт, қоғамдық орындарда ішімдік ішкен азаматтарға қатысты 200 факт, тыйым салған орында сауда сатқан азаматтарға қатысты 35 факт тіркелген.
Ал, жол қауіпсіздігіне келер болсақ, екі күн ішінде 231 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі көші-қон заңнамасын бұзған ТМД елдерінің 54 азаматы да әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлап отыр.