Астананың су реттегіші 3 күнде лық толып, қалаға қауіп төндіруі мүмкін - Қасымов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың су реттегіші 3 күнде лық толып, қалаға қауіп төндіруі мүмкін. Бұл жайында бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астана су қоймасынан су ағызу көлемін секундына 40-тан 1 200 текше метрге дейін, яғни 30 есеге күрт арттырудың нәтижесінде Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты бір елді мекенді су басты. Елорданы және қала маңындағы елді мекендерді су басуына жол бермеу үшін  тасқын суды Астана су реттегішіне бұру басталды. Су реттегішке 132 млн текше метр су құйылды, шекті норма 450 млн текше метр», - деді Қасымов.

Оның сөзіне қарағанда, Астана су реттегішіне су құйылу деңгейінің жоғары шегі сақталған жағдайда ол алдағы 3 күннің ішінде лық толып, бөгетті бұзу қаупі туындайды.

«Осыған байланысты судың артық көлемін Астана және Ақмола облысының төменде орналасқан елді мекендері арқылы қауіпсіз ағызу бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бұл мәселені кеше және бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Астана қаласы әкімдігімен қарастырдық», - деді министр.