Астрономдар «тым үлпілдек» ғаламшарларды анықтады

АСТАНА. KAZINFORM – Астрономдар көлемі Юпитерден үлкен, бірақ тығыздығы мақта кәмпитінен де төмен ғаламшарларды анықтады, деп хабарлайды Deutsche Welle .

Фото: NASA

Бұл екі ғаламшар Жерден 1000 жарық жылынан астам қашықтықта орналасқан. Олар – адамзат анықтаған Күн жүйесінен тыс ең ірі ғаламшарлар (экзопланеталар).

Сонымен қатар бұлар – әзірге белгілі ең жеңіл ғаламшарлар. Бұл туралы зерттеу жетекшісі, Оксфорд университетінің ғалымы Джордж Дрансфилд мәлімдеді. Зерттеу нәтижелері Monthly Notices of the Royal Astronomical Society журналында жарияланды.

– Бұл екі ғаламшардың тығыздығы баллоннан жаңа ғана шығарылған қырыну көбігінің бір бөлігімен шамалас, – деді Дрансфилд.

Ғалымның болжамынша, бұл ғаламшарлар ақ немесе көгілдір түсті болуы мүмкін және негізінен сутегі мен гелийден тұрады. Алайда олардың химиялық құрамын нақтылау үшін қосымша бақылаулар қажет.

Мұндай аса жеңіл экзопланеталар өте сирек кездеседі. NASA каталогындағы 6300 экзопланетаның ішінде олардың саны 40-қа да жетпейді.

– Сирек кездесетін ғаламшарлар жүйесін зерттеу арқылы біз ғаламшарлардың қалай қалыптасатыны туралы ғылыми жұмбақтың тағы бір бөлігін толықтырып, Ғаламдағы орнымызды тереңірек түсіне аламыз, – деді Джордж Дрансфилд.

Айта кетейік, бұған дейін Құс жолынан бөгде галактиканың ізі табылып, ғалымдар оған ерекше ат қойғанын жаздық

Ал Венераға ұшу неге мүмкін емес екенін мына жерден оқи аласыз.