Астық сақтау қоймаларында 9,3 млн. тонна астық сақталып отыр

АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Статистика агенттігінің деректері бойынша ағымдағы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша республиканың астық сақтау кәсіпорындарында шамамен 9,3 млн. тонна астық бар.

Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында мәлім болды.

Министрлік мәліметтеріне сәйкес, қазіргі кезде республикада жалпы сақтау көлемі 13,9 млн. тоннаны құрайтын 221 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары бар. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы құрылымдарында 9,0 млн. тонналық сақтау қуатының қоймалары бар. Осылайша, астықтың ағымдағы жалпы сақталу көлемі 22,9 млн. тоннаны құрайды.

Бұл ретте министрлік астық қоймалары бар көптеген жеке компаниялардың жаңа қоймаларын салуды және қолданыстағыларын күрделі жөндеуді жүргізуді қаржыландыруға қаражаты жоқтығын атап өтеді.

«Ал астық дефициті болған жағдайда ішкі нарықты тұрақтандыру, ұн мен нанның бағасының жоғарылауына жол бермеу үшін «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ-нда 1,5 млн. тоннадан кем емес  әрі азаймайтын астық қоры болуы керек. Қазірге кезде «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ еншілес кәсіпорыны «Астық коймалары» ЖШС астық базаларының сыйымдылығы тек 538 мың тоннаны құрайды», - делінген баспасөз айғағында.