Маманның айтуынша, мектеп сөмкесін таңдағанда оның сыртқы келбетіне емес, ең алдымен салмағы мен құрылымына назар аудару қажет.
– Бастауыш сынып оқушыларының бос сөмкесі 600-800 грамнан аспауы керек. Орта және жоғары сынып оқушылары үшін бір келіге дейін болғаны дұрыс. Иыққа асылатын бауының ені кемінде 5-6 сантиметр болуы қажет. Сондай-ақ сөмкені екі иыққа бірдей асынып жүрген дұрыс. «Ортопедиялық сөмке» деген ұғым көбіне маркетинг. Ең бастысы осы талаптарға сай болғаны маңызды, – деді Олжас Байназаров.
Дәрігер мектеп жасындағы балалар арасында омыртқа қисаюы жиі кездесетінін айтты.
– Сколиоз көбіне бастауыш сыныптарда қалыптаса бастайды. Бұған партада дұрыс отырмау, сөмкені бір иыққа асып жүру және арқа бұлшықеттерінің әлсіздігі әсер етеді. Сондықтан мектеп жасындағы балаларды жылына кемінде бір рет ортопедке қаратып тұрған дұрыс, – деді маман.
Сонымен қатар ортопед омыртқа қисаюының алдын алуда партада дұрыс отырудың да маңызы зор екенін айтады.
– Бала отырған кезде табаны толық жерге тиіп тұруы керек. Тізе мен жамбас буыны шамамен 90 градус бұрыш жасап отырғаны дұрыс. Сонымен қатар көру және есту қабілетін де тексертіп тұрған жөн. Кейбір балалар тақтаны жақсы көру үшін үнемі бір жағына қисайып отырады. Бұл да уақыт өте келе сколиоздың дамуына әсер етуі мүмкін, – деді ол.
Маман нәрестелер арасында туа біткен қисық мойын жиі кездесетінін де атап өтті. Оның айтуынша, бұл дерт ерте анықталса, көп жағдайда отасыз емделеді.
– Қисық мойынның туа біткен және жүре пайда болатын түрлері бар. Туа біткен түрі жиі кездеседі. Егер алғашқы айларда анықталса, массаж және басқа да консервативті емдеу тәсілдері жеткілікті болады. Ал ем кеш басталса, үш жастан кейін хирургиялық ем қажет болуы мүмкін, – деді Олжас Байназаров.
Дәрігер ата-аналарға сәби басын үнемі бір жаққа бұрып жатса немесе мойнын еркін қимылдата алмаса, міндетті түрде ортопедке қаратуға кеңес берді. Оның айтуынша, бір жасқа дейін баланы 1, 3, 6, 9 және 12 айында жоспарлы түрде ортопедтің тексеруінен өткізу маңызды.
Еске сала кетейік, бұған дейін, балалардың көру қабілетінің нашарлауына әсер ететін факторлар туралы офтальмологтың кеңесін жазған едік.