«Елбасы қаңтардағы Жолдауында балаларды ерте дамыту үшін бірыңғай бағдарлама енгізу тапсырмасын берді. Тапсырманы орындау үшін біз балаларды ерте дамытудың халықаралық тәжірибесіне сараптама жасадық. Соның нәтижесінде мынадай жұмыстар атқарылды. Біріншіден, 1-3 жастағы балалардың әлеуметтік дағдыларын орталықтарда үйрету, дамыту бойынша бірыңғай бағдарлама дайындалды. Қазіргі таңда бағдарлама тиісті органдармен келісілуде. 3-6 жастағы балаларға арналған оқыту бағдарламасы 2016 жылдан бастап жұмыс істеп жатыр. Біздің ойымызша, 1 сыныпқа келген балалар 100 пайыз бір деңгейде дайын болуы керек», - деді Ерлан Сағадиев.
«Сонымен бірге, министрлік балаларды ерте дамытудың концептуалдық негіздерін дайындады. Оқу-методикалық әдебиетті әзірледі. Олар ата-аналарға арналған сайтта орналастырылған. Бастауыш білім беру жүйесімен байланыстыру үшін 1-3 және 3-6 жастағы балаларға арналған оқу бағдарламасы мазмұнына интеграция жасадық. Ата-аналармен зерттеулер жүргізілді. Енді сол зерттеуге сәйкес, ата-аналардың 40 пайызы, оның ішінде көп балалы және аз қамтылған ата-аналар балаларды тәрбиелеу жолдарын жақсы біле бермейді», - деді ол.
Оның атап өтуінше, мининстрлік отбасы.кз деген портал әзірлеп, 10 500 ата-ананы қашықтан оқытқан. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
«Қазіргі уақытта ата-аналарды оқыту үшін осы порталға келесі жылдарға арналған бюджеттік тапсырыс беру қарастырылуда», - деді Ерлан Сағадиев.