Атақты композитор әндерін қайта танытудың жолын іздеп жүр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Атақты композиторы Бақтығали Жұмалин 30 жыл бойы жазған әндерін халыққа қайта танытудың жолын іздеп жүр. Ол әндеріне арнап сайт ашып, 250-ден астам әннің әуенін жүктеп қоймақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әнші Бақыт Шадаева, Айжан Нұрмағамбетованың репертуарына енген «Бақыт деген», «Аққулар, қош болыңдар», «Көзіңнен айналайын» атты әндердің авторы, композитор Бақтығали Жұмалин қазір Ақтөбедегі Халық шығармашылығы үйіндегі «Жазира» ұлт-аспаптар ансамблінің жетекшісі болып жұмыс істейді. Бір кездері ел аузында жүрген әндерді өмірге әкелген композитор қазір сол туындыларын қайта түлетіп, ескерілмей қалған әндерін жаңғыртып, әншілерге ұсынғысы келеді. Алматыға барып, әншілерді жағалап жүру қаржылық шығынды талап еткен соң Бақтығали Жұмалин арнайы сайт ашуды қолға алды. Интернетке 250-ден астам әнін жүктеп қоймақ ниетте.

«Ыңғайы келсе әндерімді әншілерге ұсынамын. Әрине, ол үшін Алматыға барып, бірнеше күн жүріп, әншілермен кездесіп, әнді оларға тыңдату керек. Ұнатса бересің. Бірақ біраз жыл болды, Алматыға бармадым. Бәрі қаржыға келіп тіреледі. Бір амалы, әндеріме арналған сайт болайын деп тұр. Әншілерге телефон шалып, «әнімді алшы» десең, «почтама жіберіңіз» дейді. Кейін ол ұмытылады. Сол аралықта  ұрланып кетуі мүмкін. Орындалмаған әндер көп. Оны мұқият тыңдау керек. Әуенді кез келген әнші түсіне алмайды. Көп әнші той бағдарламасына қажетті көңілді әуен іздейтіні де жасырын емес»,- деді Б. Жұмалин.

Композитор әндерін жинақтап, кітап шығаруды да армандайды. Бірақ бұл ойын ешкімге айтпады, ұсыныс тастамады.

«Бірде-бір кітап шығара алмадым. Менде 5-6 кітапқа жинақталатын ән бар. Әнді тақырыпқа арнап бөлсек, жақсы кітап шығар еді. Қаржы тапшылығы қол байлады. Әр кітапқа кем дегенде 200 мың теңге қажет болады»,- деді ол. Алматыда емес, Ақтөбеде жүріп ән жазған Бақтығали Жұмалин композитор, әнші, ақын бір-бірімен байланыста болса үздік туынды шығатынын айтады. Бірақ қазір осы байланыс үзіліп, әркім өз жөнімен жүр. Уақыт өтті, адамның психологиясы өзгерді. Әндер бір-біріне ұқсайды.

«Ресейдің әндерінен көп ұрлайды. Шетелден де алады. Бәрі белгілі. Кейбір әндер жақсы. Ән де, әнші де, сазгер де көп. Талғам жоқ сияқты»,- деді Б.Жұмалин. Композитор алғашқы туындыларын 1979 жылы жаза бастады. Бірақ қағазға түсіргені ұнамады, өзінің көңілінен шықтай, қоқысқа тасталды. Ал 1985 жылы ақын Гүлнар Шамшиеваның өлеңіне ән жазды. Сол кезде Б.Жұмалиннің композиторлық қыры ашылып, ән жаза бастады. Фортепиано, баян, гитара, домбыра секілді бірнеше аспапта ән шығаратын композитор кейде өз туындысын ойда сақтайды.

«Бақыт деген» әнін алдымен Есет Сәдуақасов пен тағы бір қыз орындады. Дуэт бірінші рет концертке шығып, ұнамаған соң тек Есеттің орындауында қалдырдық. Сол кезде теле-радио арқылы құттықтау бағдарламаларында жиі шырқалып, халыққа жетті. Мектепте, клубтар шырқалды. 2001 жылы Алматыға барып, Айжан Нұрмағамбетовамен кездесіп, таныстым. Әнді тегін бердім. Орында, атымды ата дедім. Менде ән танылсын деген мақсат болды. Ән Ақтөбеде қалып қоймас үшін үлкен сахнада жүрген әншілерге ұсынамыз. Кейін Айжан Нұрмағамбетова «Бақыт деген» әнін «Нұр-Мұқасан» тобымен орындады. Ән өміршең болуы үшін ұрпақтан ұрпаққа берілуі тиіс. Сол кезде ән қайта құлпырып, ұмытылмайды. Сонымен қатар, сол кезде Бақыт Шадаева «Бақыт әлде», «Көзіңнен айналайын», Ақжол Мейірбеков «Ана бұтағы» әнін орындады»,- деді ол. 

Халық шығармашылығы үйі бірнеше конкурстың жеңімпазы,  Мәдениет қайраткері Бақтығали Жұмалинді ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері атағына ұсынды. Ақтөбе музыкалық колледжі, облыстық филармония мен драма театрда бірнеше жыл бойы еңбек еткен композитор қазір түрлі аспапта ойнаймын деген кез келген жасқа қалауын үйретуге әзір. Бірақ жастарға көңілі толмайды, олардың шыдамсыздығына қайран қалады. Ол өз заманында уақытпен санаспай, ұстаздан үйренуге бар зейінін арнайтын күндерді сағынады, айтып отырады.