Атбасардың тасқын суға қарсы салынған жаңа бөгетіне 200 млн теңге жұмсалған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атбасардың тасқын суға қарсы салынған жаңа бөгетіне 200 млн теңге жұмсалған. Бұл жайында бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің дерегінше, Ақмола  облысында ең күрделі ахуалАтбасар қаласында қалыптасып отыр. Бұл аймақта Жабай өзенінің су деңгей күрт көтеріліп, өткен жылы салынған қорғаныс бөгетті бұзып кеткен. Соның салдарынан 269  үй су астында қалса, тағы 130-дан астам үйді су басу қаупі бар.

«Таңертең су деңгейінің 40 сантиметрге төмендеуі байқалды. Ең қауіпті деңгей 6 метр 10 сантиметр болса, бүгін таңертең 5 метр 70 сантиметр болды. Қазіргі уақытта бөгетті салу барысында салғырттыққа жол беру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде», - деді ол.

Осы ретте Үкімет басшысы Атбасар бөгетін салуға қанша ақша бөлінгенін және мердігердің кім екендігін айтуды талап етті.

«Жергілік атқарушы орган тарабынан 200 млн теңге бөлінді. Біз қылмыстық іс қозғадық, мердігер толықтай тексерілетін, тергелетін болады. Аталған бөгеттің дайындығы бойынша сараптама жүргіземіз», - деді өз кезегінде Қасымов.

Ал Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің айтуынша, бөгетті көкшетаулық компания әзірлеп, құрылыс жұмыстарын елордалық мердігер ұйым жүзеге асырған.

«Жалпы, Ақмола облысында 12 ауданның 35 жолын су шайып, 37 елді мекенді су басқан. Су басқан аумақта 893 үй бар. Дер уақытында 2 400 тұрғын, 220  бас мал қауіпсіз жерге көшірілді. Бүгінгі деректерге сәйкес 318 үйден су шығарылып, 307 адам өз баспаналарына оралды», - деді облыс басшысы.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта үйлерін су басқан 1 619 адам туған-туыстарының немесе арнайы ұйымдастырылған орындарда екендігін атап өтті. Апаттан құтқару жұмыстарына өңірде 1 055 адам жұмылдырылған.