Атырау әкімдігі ұсынған субсидия мөлшері нормативке сәйкес болмаған
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының шаруалары мал азығын арзандату үшін берілетін субсидияға қол жеткізе алмай отыр.
Атырау облысының кәсіпкерлер палатасына облыс әкімдігінің «Атырау облысы бойынша 2025 жылға арналған ауылшаруашылық мал азығының құнын арзандатуға субсидиялау нормативтерін, сондай-ақ субсидия алу критерийлерін, өтінім нысанын және өтінімдерді қабылдау мерзімдерін бекіту туралы» қаулысының жобасы сараптама жасауға түскен.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша сектор меңгерушісі, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, палата сарапшылары шаруаларға төленетін субсидиялар мөлшері мен талап етілетін нормативтер арасындағы сәйкессіздікті анықтаған.
— Жемшөпті субсидиялау нормативтерін қалыптастыру тәртібі Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2019 жылғы 15 наурыздағы № 108 бұйрығы негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Осы бұйрықтың 10-тармағына сәйкес стандарттар ауыл шаруашылығы саласындағы мамандандырылған ғылыми ұйымның ұсынысы негізінде жергілікті атқарушы органдардың қаулысымен бекітіледі. Біздің талдауымыз көрсеткендей, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы ғылыми ұйымдардың жемнің нарықтық бағасының өсуіне байланысты қосымша зерттеулер жүргізу қажеттігі туралы ұсыныстарына қарамастан, ірі қараның біреуіне 270 мың теңге субсидия бөлетін жобаны бекітуге ұсынып отыр. Бұл стандарт қазіргі нарықтық жағдайға сәйкес келмейді. Тіпті 2021 жылғы стандарттан да төмен. Мұндай стандарт ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз, саланың дамуына кері әсерін тигізеді, — дейді Сәрсенбай Жолдыбаев.
Ал Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің өкілі Айгүл Қазамбаеваның айтуына қарағанда, Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандары былтыр байланысқа шыққан.
— Белгілі бір аймақ үшін стандарттарды дайындауға қосымша зерттеу жұмыстары қажеттігін айттық. Біз жалпы стандарттарды ұсындық. Ал биыл мемлекеттік органнан сұраныс болған жоқ, - дейді Айман Қазамбаева.
Ал Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Жасұлан Сұлтанғалиевтің дерегіне сүйенсек, 2020 жылдан бері жемшөпке бөлінетін субсидия көлемі екі есеге өскен.
— 2020 жылы субсидия көлемі ірі қараның бір басына 120 мың теңгені құрады. Ал 2021 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына өзгертулер енгізілді. Осыған байланысты С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің есебіне сүйеніп, қаулымен 240 мың теңге көлемінде субсидия белгіленді. Осы субсидия түрін біздің облыста тек «Первомайский» ЖШС ғана алады. Былтыр бұйрыққа тағы да өзгертулер енгізілді. Сондықтан С. Сейфуллин атындағы университетке қайтадан сұраныс жібердік. Олар өз жауабында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін, бірақ субсидия алушылардың шағымдары болмаған жағдайда қаулыны бекітуге болатынын атап көрсетті. Сол себептен, біз бұл стандартты 2025 жылға дейін бекіттік, — деп мәлім етті Дасұлан Сұлтанғалиев.
Алайда, Атырау облысы кәсіпкерлері палатасының өкілдері облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бұл ұстанымымен келіспей отыр. Палата өкілдерінің пікірінше, субсидия мөлшерін бекіту үшін бірнеше жайтқа назар аударылуы тиіс.
Біріншіден, нарықтағы жағдай ескеріліп, субсидия мөлшерін анықтайтын стандарт нақты есептелуі қажет. Екіншіден, субсидия мөлшері жыл сайын өзгертілгені жөн. Ең бастысы, мемлекет тарапынан берілетін субсидия толығымен төленуі керек.
Еске сала кетелік, өткен жылғы қарашада Атырау шаруаларына мал азығы үшін субсидия неге берілмегенін жазған едік.