Атырау шаруаларына мал азығы үшін субсидия неге берілмеген
АТЫРАУ. KAZINFORM — Былтыр Атырау облысының шаруаларына қысқы мал азығын дайындағаны үшін субсидия қаржысы берілген жоқ.

Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың мәліметінше, мал шаруашылығымен айналысатын 2 349 құрылым бар.
— Ауыл шаруашылығы саласында субсидия берілетін басым бағыттар бар. Қазір ірі сабақты мал азығын дайындауға жұмсалған шығын үшін берілетін субсидия мәселесі жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне байланысты болып отыр. Мәселен, 2023 жылы мал азығын дайындағаны үшін 768 шаруашылыққа қаржы берілді. Жалпы 2020-2023 жылдары шаруашылықтарға ірі сабақты мал азығы дайындауға берілген субсидияның көлемі 5,8 млрд теңге болды, -дейді Амангелді Саламат.
«Қазақстан фермерлері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі Атырау филиалының төрағасы Мұрат Сармановтың айтуына қарағанда, Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы № 108 бұйрығымен Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін және сапасын арттыруды субсидиялау қағидасы бектілген. Кейін бұл қағидаға өзгеріс енгізілген.

— Соған сәйкес төрт түліктің азығына (ірі сабақты мал азығы) жұмсалған шығындар бағытын субсидиялау талабы өзгерді. Енді субсидия гидрометеорологиялық қызмет растаған, өңірде мал азығын дайындауға теріс әсер еткенде, төтенше жағдай жарияланған немесе қалыптан тыс ауа райы жағдайында жергілікті атқарушы органдардың шешімімен аударылады делінген. Бұған қосымша «бұл талап Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының құрғақ өңірлерінде орналасқан сүт-тауар фермаларының мал басына қолданылмайды» деген талаппен толықтырылды, — дейді Мұрат Сарманов.
Ал Атырау облысы — еліміздегі жартылай шөлейтті өңірдің бірі. Мұнда жаңбыр аз жауып, қуаңшылық жиі болады.
— Біз бұл өзгеріспен келіспеген едік. Бірақ амал қанша, былтыр субсидиялау қағидасына енгізілген өзгеріс төрт түлік өсіретін, оған ірі сабақты азық дайындайтын шаруашылықтарды субисдиясыз қалдырды. Атырау облысында жаз мезгіліндегі аптап ыстықта ауа температурасы +38, +39, кейде +40 градусқа дейін көтеріледі. Жаңбыр сирек жауады. Бұл шабындықтағы шөп шығымының аз болуына әсер етеді. Сондықтан жыл сайын жергілікті шаруалар қысқы мал азығын Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының аумағынан дайындауға не сол өңірлерден сатып алуға мәжбүр болып отыр. Бұл — орасан көп шығын, — дейді Мұрат Сарманов.

Бұрын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған Жанкелді Рахметқалиевтің пікірінше, ірі сабақты мал азығын дайындауға субсидия берілмесе, ет-сүт өнімдерінің бағасына әсер етуі мүмкін.
— Атырау облысындағы шабындық жердің көлемі 50,5 мың гектар шамасында. Қыста қардың аз түсуі мен жаңбыр сирек жаууынан жайылым алқаптарындағы шөптің биіктігі 2-6 см аспайды. Жауын-шашын әдеттегіден мол түскенде шөп 10-12 см-ге дейін көтеріледі. Мұндай жағдайда ірі сабақты мал азығын жеткілікті көлемде дайындау мүмкін емес. Болашақта ірі сабақты мал азығын дайындауға субсидия берілмесе, төрт түліктен алынатын ет, сүт өнімдерінің бағасының өсуіне әсер етеді, — дейді Жангелді Рахметқалиев.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламат былтыр ірі сабақты мал азығы үшін шаруашылықтарға субсидия берілмегенін жеткізді.

— Былтыр көктемдегі су тасқынынан біраз шаруашылық зардап шекті. Бюджет есебінен зардап шеккен шаруашылықтарға өтемақы беріліп жатыр. Әлі де зардаптың шығыны есептеліп, өтемақы қаржысы әлі толық беріліп болған жоқ. Бұл былтыр ірі сабақты мал азығына жұмсалған шығын үшін субсидия қаржысының берілмеуіне әсер етті, -деп мәлім етті Амангелді Саламат.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда кәсіпкерлер қандай кедергіге жиі кезігетінін жазған едік.