Атырау қалалық әкімдігінің ресми ақпаратына сүйенсек, облыс орталығындағы 1 174 көпқабатты тұрғын үйдің 1 138-і гидравликалық сынақтан өткен.
• ЖЭО-ның желісіне қосылған 1 025 үйдің 1 012-сі (98,7%);
• «Атырау Су Арнасы» КМК қазандықтарына қарасты 14 үйдің барлығы (100%);
• «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС қазандықтарындағы 58 үйдің 52-сі (90%);
• Жеке тұрғын үй кешендеріндегі 77 үйдің 60-ы (78%) сынақтан өткен.
Сондай-ақ, жеке қазандықтардан жылу алатын 79 үйге қызмет көрсететін 27 ПИК дайындық пен жуып-шаю жұмысын өз қаражаттары есебінен жүргізіп жүр.
Биыл қалада 6,9 шақырым жылу құбырын ауыстыруға 481 миллион теңге бөлініп, «Industry 2050» ЖШС мердігер болып анықталған. Бұл жұмыс үш лотқа бөлінген. Алғашқы тендердің қорытындысы шағымдану сатысыныда тұр.
Алмагүл және Авангард ықшамауданында жоспарланған 1384 метр желіні ауыстыру жұмысы басталмаған, қалған 4 мекенжайдағы 1110 метр жылу құбыры ауысытырлып жатыр. Қалған екі лот бойынша 4270 метр құбырдың басым бөлігі жаңартылды, ауыстыру жұмыстары әлі де жүріп жатыр.
Жүргізілген мониторинг нәтижесінде «Самал Таун», «Абырой», «Фемили» және «Мальтийский дворик» тұрғын үй кешендерінде инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейі жоғары екені анықталды. Әсіресе «Абырой» кешеніндегі қазандықтар сырттай жаңа көрінгенімен, іс жүзінде тозу деңгейі өте үлкен деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.
- Қазіргі уақытта ең күрделісі - «Абырой» тұрғын үй кешені. Бұл жерде қазандықтары жаңа болғанымен, тозу деңгейі үлкен. Сондықтан бұл заң аясында шешілуі керек. Ең бастысы – жергілікті атқарушы орган теңгеріміне берілуі тиіс. Одан кейін ғана ауыстыру жұмысы жүргізілетін болады», – деді Атырау қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Эльдар Қариполлаев.
Мәселенің басты себебі – инфрақұрылымды қала теңгеріміне қайтарудағы бюрократиялық кедергілер. Бюджет есебінен желілер мен қазандықтарды жөндеу немесе ауыстыру үшін бұл нысандар алдымен «Е-Қазына» жүйесі арқылы қала теңгеріміне өтуі шарт. Қазіргі уақытта «Абырой», «Самал Таун» және «Фемили» тұрғын үй кешендері бойынша өтініштер жолданып, конкурстық құжаттамалар дайындалып жатыр.
- Аталған тұрғын үй кешендеріндегі кәріздік сорғы станциялары мен қазандықтарға қатысты тиісті конкурстық құжаттар дайындалып жатыр. Аталған жұмысты орындау үшін ашық электрондық конкурс жариялауға дайындық жүргізілу үстінде. Конкурсты осы аптаның соңына дейін жариялау жоспарланып отыр,-деп мәлімдеді қала билігі.
Сонымен қатар «Тұлпар-1» және «Мальтийский дворик» кешендеріне арналған 4 дана жаңа қазандық пен 13 бекетке газ есептегіштер сатып алуға жалпы сомасы 286 миллион теңгеден асатын электрондық конкурс жарияланып, оның қорытындысы дайындалып жатыр.
Қалалық әкімдік өкілдері инфрақұрылым теңгерімге алынып, конкурстық рәсімдер аяқталған соң, барлық жұмыстарды жылыту маусымы басталғанға дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.
Еске салайық, 14 қыркүйектен бастап Павлодар облысында жылыту маусымы басталды. Бұл жұмыстарды солтүстік және шығыс өңірлерде ауа райына қарай 1 қазанға дейін бастау күтілуде.